"Ақмола облысы білім басқармасының Зеренді ауданы бойынша білім бөлімі Көктерек ауылының бастауыш мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Коммунальное государственное учреждение "Начальная школа села Коктерек отдела образования по Зерендинскому району управления образования Акмолинской области"

 

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

АДАМГЕРШІЛІК – РУХАНИ ТӘРБИЕГЕ АРНАЛҒАН ОЙЫНДАР.

15.05.2019

АДАМГЕРШІЛІК – РУХАНИ ТӘРБИЕГЕ АРНАЛҒАН ОЙЫНДАР.

 

  Мектеп жасына дейінгі шақтағы балалар үшін ойын негізгі іс-әрекет екендігі әрбір педагог үшін аян. Ойын барысында бала көптеген мағлұматтар алып, жан-жақты жетілетінін және сағаттап өтетін сабақтар барысында игере алмаған білімді ойын барысында жеңіл игертуге болатынын айтып дәлелдеудің ешбір қажеті болмас. Балалардың бойында қарым-қатынас жасау дағдыларының болмауы – қиын психологиялық жағдайларға әкеп соқтырады. Бала ерте жастан бастап-ақ өзінің ішкі дүниесін аша білуге, өзгені тыңдауға, сұрақтар қоя білуге жаттығуы керек. Себебі, бала өзін қоршаған әрбір адам қайталанбайтын ерекше тұлға екенін және ол адамдар оның тарапынан сыйластық пен сүйіспеншілікті күтетінін түсінуі керек. Ал, бұл түсінік оның бойында тек қоршаған ортасымен тығыз қарым-қатынас жасаған кезде ғана көрініс береді. Баланың санасында осындай түсініктің пайда болуында адамгершілік құндылықтарды қалыптастырып, дамытуға әсер ететін ойындардың маңызы өте зор болып отыр.   Төмендегі берілген ойындар ішінен баланың рухани сезімдерін барынша дамытуға арналған  түрлі ойындарды көруге болады, атап айтқанда:

  • қарым-қатынас пен байқағыштыққа үйрететін ойындар;
  • баланың адамгершілік қасиеттерін және шығармашылық қабілеттерін дамытатын ойындар;
  • өзара көмек пен ынтымақтастыққа тәрбиелейтін ойындар;
  • елестетулерін, ептіліктерін, жылдам әрекет етулерін дамытатын ойындар.

  Әрбір педагог бұл ойындарды баланың адамгершілік-рухани қасиеттерін дамыту жолында қажетінше қолдана алады. Дегенмен де, педагог бұл ойындар негізінен баланың ішкі дүниесінің жағымды қасиеттерін дамыту үшін қолданылуы қажет екендігін ұмытпағаны жөн.

  Педагог балалардың ойындарын мұқият қадағалағаны дұрыс. Себебі, ойын барысында баланың тек өзіне ғана тән қасиеттері және оның өзге құрбыларымен қарым-қатынасы анық көріне бастайды. Ойын – бұл педагогтың көмегімен ұйымдастырылған балалардың өзара әрекеті. Ойын арқылы баланың мінез-құлқына біртіндеп әсер етіп, оны түзетіп, белгілі бір заңдылықтарды ұғындыруға болады. Ойын балаға өзін еркін сезінуге мүмкіндік береді. Ал бала үшін бұл өте маңызды. Бірақ, педагог әр уақытта ойынды жандандыруды, мазмұнды етуді ұмытпағаны жөн. Мысалы: педагог ойын алдында балаларға тек жылдам және күшті адам ғана жеңімпаз болмайды, сонымен қатар ақылмен де жеңіске жетуге болатынын, алдап, айламен жеңгенше, адал жеңілген жақсы екенін   әңгімелеу арқылы олардың адамгершілік қасиеттеріне әсер ете алады. Балалар ойнаған кезде педагог өзінің өзге жұмыстарын бітірумен айналыспауы керек.  Себебі, ойын баланы бақылау алаңы сияқты. Ойынды бақылау арқылы педагог баланы неғұрлым жақын тани түседі. Балаларға ересек адамдардың олардың ойынына қатысқаны өте ұнайды. Себебі, балалар осындай жағдайда өздерін ересектермен тең сезінеді де олардың қылықтары, әрекеттері неғұрлым мазмұнды, пайымды бола бастайды. Ойын барысында педагогтың өзі адамгершілік қасиеттерді жақсы көрсете білуі керек. Яғни, ол бала үшін ұстамдылықтың, адалдықтың, жанашырлықтың, қайырымдылықтың үлгісі болып табылатынын есте ұстағаны жөн.

  Бала ойын  арқылы күнделікті қылықтары жайлы ойланып, оларға қарапайым талдау жасап, болашақта ержеткен кезде өмірдің маңызды да терең мазмұнды сұрақтарын шеше білуге үйренеді. Төмендегі ойындар мектеп жасына дейінгі жастағы балалардың тәрбиесімен айналысатын әрбір педагог үшін баланың алғашқы адамгершілік-рухани қасиеттерін тәрбиелеуде үлкен әдістемелік көмек көрсетері анық.

 

Тақырыбы:

«Сиқырлы сәуле»

Балалардан күннің көзі бір күні жерге өзінің кішкентай сиқырлы сәулелерін жіберді деп елестетулерін сұраңыз. Балалар осы сиқырлы сәулелер төмендегідей әртүрлі жағдайларда адамдарға қалай көмек көрсететінін ойлап, тауып, айтып берулері керек:

  • Бір бала орманда адасып қалды.
  • Бір адам өзінің досымен келіспей қалды.
  • Бір кішкентай қыздың анасы ауырып қалды.
  • Бір бала пойызынан кешігіп, қалып қойды.

Мысалы: пойыздан қалып қойған балаға сиқырлы сәуле басқа пойызға билет сыйлайды,т.с.с.

 

Тақырыбы:

«Әдемі заттар»

Балалардан үйлерінен кез келген бір әдемі зат алып келулерін өтініңіз. (Ол –қобдиша, кітап, ойыншық, орамал, т.с.с. болуы мүмкін.) Енді олар өз заттарын бір-біріне беріп, уақытша алмасады. Әр бала өзінің қолына тиген затпен сөйлесуі керек. Біршама уақыт өткеннен кейін балалар жиналады да әр бала өзінің қолында болған зат оған қандай әңгіме айтқанын айтады. Соңында әр заттың өз иесі ол зат оған қалай келгенін немесе оны кім жасағанын айтып береді.

 

Тақырыбы:

«Алғыс құсы»

Балалардан жерге алғыс құсы ұшып келді деп елестетулерін сұраңыз. Алғыс құсы өзінің жақындары мен достарына, таныстарына жасаған жақсылықтары үшін алғыс білдіруге ұмытып кеткен адамдардың терезелеріне қонып жүрді. Бір күні ол сендердің де терезелеріңе келіп қонды. Ал, енді сендер өздеріңе жақсылық жасаған бірақ, сендер алғыс айтуға ұмытып кеткен адамдарың болса, естеріңе түсіріп, іштеріңнен, ойша бар көңілдеріңмен рахмет айтыңдар.

 

Тақырыбы:

«Біздің адал достарымыз»

Балалардан өздеріне адал дос деп санайтын барлық адамдарды атап шығуларын сұраңыз. Атап болғаннан кейін неліктен олай ойлайтындарын айтады.

Мысалы: мен ауырғанда анам мені емдейді, сондықтан ол менің адал досым.

 

Тақырыбы:

«Қайырымды болуға үйренеміз»

Балалар шеңбер жасап дөңгелене тұрады. Тәрбиеші қолындағы добын бір балаға береді. Қолына доп тиген бала төмендегідей жағдайларда қандай қайырымдылық жасайтынын айтады:

  • мамаң ауырып қалды;
  • әжеңнің туған күні;
  • кішкентай інің жылап жатыр;
  • досың қонаққа келді;
  • әкең жұмыстан шаршап келді.

 

Тақырыбы:

«Ана махаббатының сәулелері»

Педагог тақтаға күнді дөңгелете салады. Енді балалардан өз аналарының жақсы қасиеттерін атауларын сұрайды. Әр аталған жақсы қасиетке бір сәуле салынады. Ойынның соңында аналардан қаншама жақсы қасиеттер сәуле болып таралғанын айтып, осы қасиеттерді бойларына сіңірулерін өтінеді. (Балалар қолдарын алға созып терең, құшырлана демдерін ішке тартады.)

 

Тақырыбы:

«Ақыл періштесі»

Тәрбиеші балалардан ақылды ғажайып періште ретінде елестетулерін өтінеді. Ақыл періштесінің мойынында әрбір тасы белгілі бір қасиетті білдіретін асыл тастармен әшекейленген алқа бар. (Мейірімділік, ұстамдылық, сыпайылық, әдептілік, кешірімділік, т.с.с.) Әрбір тастың қасиетін балалар өздері атаулары керек. Енді ғажайып періште сендердің үйлеріңе келді деп ойлаңдар. Жаңағы тастардың қайсысына қолың тисе, сол қасиет саған беріледі. Сендер осы тастардың қайсысына қолдарыңды тигізер едіңдер? Неліктен? Балалардың жауаптарын тыңдау. (Тақтаға алқа жасап іліп қоюға болады.)

 

Тақырыбы:

«Ақылды үкі» Балаларға әртүрлі орман мекендеушілерінің суреттері бар кәртішкелер таратылады. Балалар ортаға шығып, шеңбер құрып тұрады. Санамақ арқылы бір бала таңдап алынып, үкі етіп тағайындалады. Ақылды үкі болған бала ортада тұрады. Енді шеңбер бойында тұрған балалардың біреуі өзінің қолындағы кәртішкедегі бейнеленген жануардың басына түскен бір жағдайды айтады және оны шешу үшін ақыл беруін сұрайды.

Мысалы: Орманда екі қоян бір үлкен жидек тауып алып, оған таласып қалды. Не істеуге болады?

Үкінің ақылы: Жидек біреу болғандықтан қояндар оны анасына сыйласын.

Ал егер, үкі ақыл айта алмаса, онда ол кімге ақыл бере алмады сол бала оның орнына ақылды үкі болады.

 

Тақырыбы:

«Кім ең жанашыр?»

Балалар бір қатарға тұрады. Балаларға педагог төмендегідей бірнеше жағдайларды айтады:

  • сендер далада жылап жатқан баланың дауысын естідіңдер;
  • мамаң жұмыстан қатты шаршап келді;
  • әжең ауруханаға түсіп қалды;
  • пойызда сенің қасыңда отырған адам кенеттен ауырып қалды;
  • кішкентай қарындасың ойнап жүріп құлап қалды.

Кім осы айтылған жағдайларда қалай көмек көрсету керектігін тез тапса, сол бала бір қадам алға шығып, көмек түрін айтып береді. Ойын осылай жалғаса береді. Жауаптарды тез тауып, бірінші бес қадамды алғашқы болып жасаған бала «ең жанашыр» деген атаққа ие болады.

 

Тақырыбы:

«Сенемін – сенбеймін»

Балалар шеңбер құрып тұрады. Педагог допты кез келген бір балаға лақтырып, былай деп айтады:

  • піл ұшу біледі;
  • құстар апанда ұйықтайды;
  • балықтар құрлықта өмір сүреді, т.с.с.

Балалар педагог тек шындықты айтқан кезде ғана допты қағып алулары керек. Егер бала жаңылысып, допты қағып алатын болса, онда оған ескерту кәртішкесі беріледі. Бір ескерту алмаған бала «ең зейінді бала» болып есептеледі.

 

АДАМГЕРШІЛІК- РУХАНИ ТӘРБИЕГЕ АРНАЛҒАН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ТАПСЫРМАЛАР

 

Шығармашылық тапсырмаларды кез келген сабақ барысында, сабақтан тыс уақытта, ойын кезінде яғни, кез келген тиімді уақытта пайдалануға болады. Шығармашылық тапсырмалар әртүрлі мақсатта қолданылуы мүмкін. Атап айтқанда: балаларды ұжыммен жұмыс істеуге тәрбиелеу үшін, оларды бір-бірінің ойын, шешімін қабылдай білуге тәрбиелеу үшін, кез келген жұмысты аяғына дейін жеткізе білуге тәрбиелеп, үйрету үшін. Шығармашылық тапсырмалар баланы еңбек сүйгіштікке, сыйластыққа, достыққа, ұқыптылыққа, сұлулық пен әсемдікті сезіне білуге тәрбиелеп, үйретеді. Сол себептен де, мұндай тапсырмаларды бүлдіршіндердің бойында адамгершілік-рухани қаситтерді қалыптастыру үшін керекті уақытта тиімді етіп пайдалана білудің де маңызы өте зор. Төмендегі мектепке дейінгі мекемелердегі ересек және мектепалды даярлық топтарда пайдалануға ұсынылып отырған шығармашылық тапсырмалар тәрбиешілерге үлкен әдістемелік көмек береді деген үміттеміз.

 

Тапсырма:

«Бақытты бейне»

Педагог балалардан бақытты адамның бейнесін естеріне түсірулерін сұрайды. Балалар ол адамның бейнесін суреттеп, салады. Балалар жұмыстарын аяқтағаннан кейін педагог  жұмыстарын жинап алып, «Бақыт портреттері» көрмесін ұйымдастырады.

 

Тапсырма:

 «Болашақ адамы»

Тәрбиеші балалардан болашақ адамының мінезін айтып берулерін және бейнесін салып берулерін сұрайды. Балалар бір-бірлерінің салған суреттеріне қарап, болашақ адамдарының мінез-құлықтарын айтады. Балалардың орындаған жұмыстары жиналып алынып, «Болашақ жайлы біздің ойымыз» атты көрме ұйымдастырылады.

 

Тапсырма:

«Сиқырлы қылқалам» (ұжымдық жұмыс).Тәрбиеші балаларды екі топшаға бөледі. Әр топшаға түрлі-түсті бояулар мен балалардың сандарына сәйкес қылқаламдар беріледі. (Қарындаш та қолдануға болады.) Бірінші топшаға ватманға салынған «көңілсіз орманның» суреті беріледі. Екінші топшаға ватманға салынған «көңілсіз үйдің» суреті беріледі. Әр топша өздерінің суреттерін көңілдендіру үшін оны басқа суреттер салып толықтырады. Жұмысты аяқтағаннан кейін әр топша өз суреттері бойынша әңгіме айтады.

 

Тапсырма:

«Мамандық таңдау»

Тәрбиеші балалардың алдарына әртүрлі мамандықтар салынған суреттер тастайды. Балалар өз қалаған мамандықтарын таңдап алады. (Бір мамандықты бірнеше бала таңдауы мүмкін.) Тәрбиеші балалардан егер ол өзі таңдап алған мамандығының иесі болса, онда ол өзін қоршаған адамдарға, табиғатқа қандай жақсылықтар жасайтындарын сұрайды. Балалардың жауаптарын тыңдау, салыстыру.

 

Тапсырма:

«Бақыт гүлдері»

Тәрбиеші балалардан мейірімді сиқыршы олардың әр қайсысына өзінің ғажайып таяқшасын тигізгенін елестетулерін сұрайды. Ғажайып таяқша тиісімен олардың жүректерінде махаббат гүлдері пайда болды. Енді балалар осы гүлдердің суреттерін салып, ата-аналарына сыйлайды. (Кейін балаларға өздерінің махаббат гүлдерін ата-аналарына қалай сыйлағандары жайында әңгімелетуге болады.)

 

Тапсырма:

«Ертегі елінің картасы»

Балалар екі топшаға бөлінеді. Әр топша ертегі елінің картасын салады. (Таулар, өзендер, көлдер, ағаштар, жолдар, т.с.с.)  Жұмысты орындап болғаннан кейін әр топша өз суретін екінші топшаға көрсетеді. Жақсылап көріп алғаннан кейін екі топша бір-бірлерінің карталарын салады.

 

Тапсырма:

«Егерде мен»

Тәрбиеші балаларға төмендегідей сөйлемдер айтады, балалар оны аяқтаулары керек:

  • Егерде мен теңіз болсам --------------------.
  • Егерде мен жұлдыз болсам ------------------.
  • Егерде мен дәрігер болсам -----------------.
  • Егерде мен орман болсам ------------------, т.с.с.

 

Ересектер тобының сабағы

 

Тақырыбы: «Мен – Қазақстанның азаматымын»

Мақсаты:

  • имандылыққа, елжандылыққа баулу;
  • туған еліне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу;
  • Қазақстанның азаматымын деген түсінік қалыптастыру.

Әдіс-тәсілдер: Өлең айту, ертегі оқу, сұрақ –жауап, ойын, ұжымдық жұмыс.

Құрал-жабдықтар: Хрестоматия, дәптер, карта, жер шары, Қазақстан Республикасының Рәміздері, үнтаспа.

Сабақ барысы

Амандасу рәсімі: Амансыңдар ма, балалар!

                               Амансыздар ма, қонақтар !

                               Арайлап атқан таңда !

                               Шырқар күнде ән болсын!

  • Балалар , кәне, ыңғайланып отырайық , алақанымызды тіземіздің үстіне қоялық. Бір сәт көзімізді жұмып, музыка әуенін тыңдай отырып, саяхатқа барайық.

«Балалар , қараңдаршы, түнгі дала қандай керемет ! Аспанда жұлдыздар жымыңдап бізге өз сүйіспеншіліктерін білдіруде, бәріміз орталық алаңға барайық. Орталық алаңда Республика күніне арналған мереке өтіп жатыр. Адамдардың жүздері бал-бұл жанып, от шоқтарын күтуде. Міне, керемет ! Жарқылдап әр түрлі түске енген ғажайып от шоқтары биікке көтеріліп, әр түрлі бейнелер көрсетуде. Түнгі қаланы жарқыратып жіберді. Өздеріне түсі ұнаған от шоқтарын естеріңе сақтап алыңдар. Ғажайып от шоқтарын қимасақта бізге қайтатын кез келді.

Рефлексия.

Тәрбиеші:

  • Көз алдымызға не елестеттік ? (Балалардың жауаптарын тыңдау.)
  • Алаңға кіммен бардыңдар ? (Балалардың жауаптарын тыңдау.)
  • От шоқтары сендерге ұнады ма ? (Балалардың жауаптарын тыңдау.)
  • От шоқтарын біз жуырда қандай мерекеде көрдік? (Балалардың жауаптарын тыңдау.)
  • Өздеріңе ұнаған түсті таңдап алып «Ғажайып от шоқтарын» жапсырайық.

Сабақтың мазмұны.

Тәрбиеші:

  • Балалар, бүгін мен сендерге «Асан мен Жасұлан» деген ертегі оқып беремін.

Ертеде Асан мен Жасұлан деген балалар болыпты. Екеуі де арманшыл, қиялшыл болыпты. Екеуінің армандары ғажайып мемлекетке саяхатқа бару болады. Асан мен Жасұлан әке-шешесінен сұранбай кетіп қалады. Жер жаһанды аралап көп жүреді. Керемет әдемі елге келеді. Бұл елде өмір сүретін адамдар керемет бай, ешқашан ренжуді білмеген адамдар болыпты. Бірақ, бұл елдің патшасы болмапты. Патша орнына барлық жерлерден бай, бекзадалар таласыпты. Олар бір келісімге келе алмапты. Осы кезде бір қарт адам мынадай тілек айтыпты. Уа, халайық, босқа таласпаңдар. Мына қақпадан қалаға бірінші болып кірген қонақ адам патша болады . Сол кезде ештеңеден хабарсыз Асан мен Жасұлан кіріп келеді. Асан мен Жасұланды көрген халық:

- Мына балалар бізге нағыз патша болатын балалар , деп патша болуларын сұрапты. Жасұлан патша болуға келіспейді. Ал Асан болса патша болуға келісіпті.

Жасұлан: Асан мен бұл елде сенімен бірге қаламын. Күндердің күнінде туған елді аңсаған кезде мен сені өз елімізге алып кетемін дейді.

Бір-екі ай өткеннен кейін Жасұлан Асанға сарайына келеді. Асанға қараса ол мүлдем көңілсіз жабырқау екен. Оның мына түрін көріп:

-  Ау, Асан, мынандай тамаша сарайда отырып, көңілің неге жабырқау?

Асан:

- Мен өзімнің сонау алыстағы елімді, жерімді, көлімді, орманымды сағындым, дейді.

Бұл сөзді естіген Жасұлан :

- Міне, достым, «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген сөз осыдан шыққан , -дейді.

Екі дос құшақтасып өз елдеріне қайтады.

Тәрбиеші:

  • Асан мен Жасұлан қайда барыпты ? (Балалардың жауаптарын тыңдау.)
  • Елдің адамдары қандай болыпты ? (Балалардың жауаптарын тыңдау.)
  • Патша болуға кімдер келіпті ? (Балалардың жауаптарын тыңдау.)
  • Қарт адам қандай тілек айтыпты ? (Балалардың жауаптарын тыңдау.)
  • Патша кім болады ? (Балалардың жауаптарын тыңдау.)
  • Жасұлан Асанға келсе ол қандай күйде екен ? (Балалардың жауаптарын тыңдау.)
  • Жасұлан Асанға қандай ақыл айтады ? (Балалардың жауаптарын тыңдау.)

Тәрбиеші :

  • Қасиетті жеріміз қайсымызға да қымбат. Біз қандай Республикада тұрамыз ? Кім жер шарынан Қазақстан Республикасын көрсетеді ? (Балалардың жауаптарын тыңдау.)

Тәрбиеші:

- Жер шарынан қарағанда Қазақстан кіп-кішкентай. Ал картадан қарасақ Қазақстан жерінің кең байтақ екенін көріп тұрсыңдар. Біздің ҚР байлығына, сұлу табиғатына басқа мемлекеттер қызығады екен. Неге ?

Алматыда қандай апорт алмалары өссе, Қарағандыда көмір, Оралда балық, Ақсайда газ бар. Ал біздің сұлу Көкшетауымыз немен бай ?

Бурабай көлі , Жеке –батыр, Оқжетпес таулары бар. Диқаншылар бидай өсіреді. Васильков  тау-кен комбинаты – алтынымыз бар екен.

25 қазан - Қазақстан Республикасының туған күні. Барлық халықтар осы мерекені қуанышпен тойлайды. Біздің мемлекетімізде қандай халықтар тұрады. (Орыс, неміс, татар, украин, беларус.)

- Біздің Елбасымыз кім? (Балалардың жауаптарын тыңдау.)

Елбасымыз теледидардан халыққа арнап құттықтау сөз сөйлейді. Туымыз ілініп желбірейді. Әнұран орындалады. (Әнұран тыңдау.)

Тәрбиеші:

- Біз әрқайсымыз осы елдің азаматымыз. Ал сендер үлкен болып өсесіңдер, сонда сендер Қазақстанға қандай пайда келтіресіңдер ? (Балалардың жауаптарын тыңдау.)

Ойын «Кім қайда тұрады ?»

Тәрбиеші:

- Көк түс –су белгісі.

Қоңыр түс –жер белгісі.

Ақ түс –аспан белгісі.

Әр баланың қолында үш түстің текшелері болады.

«Ақ сұңқар» десе ақ текшені ұстап тұрған бала қанатын жайып ұшады. «Шабандоз» қоңыр түсті ұстап тұрған бала атша шабады. «Балықтар» десе балалар ауада , суда жүзгендей қолдарымен қимыл жасайды.

Үйге шығармашылық тапсырма.

Қазақстан Республикасының жалауын бояу, балалардың киімін бояу.

Ойын  «Күн нұрының жылуы»

Шарты: Шеңберге тұру, оңға бұрылу, сол қолдарын ортаға қарай жақындатып жоғары көтеріп, шаңырақ құрады, оң қолдарымен күн сәулесінің нұрын әлемге, айналаға, қонақтардың жүздеріне таратайық. (Оң қолдарымен сәуле таратады.)

Тәрбиеші:

  • Күн сәулесі барлық әлемге жылуын таратты. Енді біз Отанымызға жылы лебіздер тілейік.

Балалар:

  • Еліміз тыныш болсын.
  • Деніміз сау болсын.
  • Аспанымыз ашық болсын
  • Барлығымыз әдемі болайық.
  • Еліме тыныштық тілеймін.

Ойын-сауық кеші. (ересектер тобы).

Тақырыбы:

«Денсаулық - байлықтан қымбат»

Мақсаты: Дене саулығы деген ұғым беру, салауатты өмір салтына қызығушылықтарын арттыру, тазалыққа, тән сұлулығына тәрбиелеу.

Тәрбиеші :

Шуақ шаша,

Алтын таңда,

Мөлдір таза ауада

Табиғатта бәрі оянды

Оян сен де әр бала.

  • Балалар, таңертең сендер тұрғанда , алдымен не көресіңдер ?

Балалар:

-Күннің нұрын, анамызды.

Тәрбиеші:

- Әрине, күнде анамызды, күннің нұрын көреміз. Егер олар жарқырап нұрын шашып тұрса қалай қуанасыңдар ?

Балалар:

- «Алақай!» (Балалар қолдарын шапалақтайды, күледі, қуанады.)

Тәрбиеші:

Қуан, шаттан алақай !

Қуанатын келді күн.

Қайырлы таң ! Қайырлы таң !

 Күліп шықты күн бүгін.

Сәлеметсіңдер ме ?

Балалар:

- Сәлеметсіңдер ме ?

Тәрбиеші:

Құрметті ата - аналар, балалар бүгін бізде «Денсаулық - байлықтан қымбат» атты ойын-сауық кеші . Хош келіпсіздер! Осы ойын-сауық кешінде бәріңіз қызығушылықпен, жақсы көңіл күй сезімін туғызып отыруларыңызды сұраймыз.

Ал балалар, маған айтыңдаршы, сендер қандай тазалық ережелерін білесіңдер?

Балалар:

- Тіс жуамыз, беті –қолымызды жуамыз, киімімізді таза ұстаймыз, тамағымызды уақытымен ішеміз, жаттығу жасаймыз.

Тәрбиеші :

- Дұрыс балалар. Денсаулығымыз жақсы болу үшін біз мына суреттердегі ережелерді дұрыс сақтауымыз керек. (Ережелерге байланысты суреттер көрсетіледі.)

Ал енді балалар және құрметті ата – аналар, бәріміз шеңберге тұрайық. (Үнтаспадан әдемі әсем әуен жүргізіледі.)        Бір-бірімізге қарап әдемі күлкімізді сыйлайық.

Енді аспанға қараңдаршы. Күннің  көзі қандай әдемі, ол біздің маңдайымызды жылытып жатыр. (Балалар алақандарымен маңдайларын ұстайды.)

Күннің нұры көзімізге түсті. Кәне, біз күнге көзімізбен қалай  қарай аламыз. (Балалар көздерін қысып, күнге қарайды.) Күннің нұры мұрнымызға түсіп, аузымызға барды, иегімізге барды, мойнымызға түсті, кенет, күннің нұры желкемізге барып тығылып қалды. (Осының бәрін алақандарымен сипап көрсетіп отырады.) Кәне, кәне, күннің нұрын желкемізден тауып  алайық. Күннің нұрын тауып алып, алақанымызға салып, анамыз бен әкемізге сыйлайық. Енді нұрланған көңіл күйімізбен денсаулық туралы мақал-мәтелдерімізді айтып берейік.

1 бала: «Денсаулық –зор байлық»

2 бала : «Дені саудың –жаны сау»

3 бала: «Шынықсаң - шымыр боларсың»

4 бала: «Денсаулық – ел байлығы»

Тәрбиеші :

- Балалар сендер денсаулық жайлы өте көп мақал-мәтелдер біледі екенсіңдер. Біздің ата –аналарымыз қандай мақал –мәтелдер біледі екен ?

Ата - ана:  «Сау дене, азат ақыл, адал көңіл

                  Үшеуімен бақытты болар өмір»

Ата –ана : «Жан ауырса – тән азады,

                  Қайғы болса – жан азады»

Тәрбиеші:

-  Бәрекелді, мақал-мәтелдерің өте жақсы екен. Бірақ біз осы ережелерді кей кездері сақтамаймыз, ауырып қаламыз. Сол кезде бізге кім келеді ?

Балалар:

- Дәрігер Салауат.

Тәрбиеші:

- Дұрыс. Ендеше дәрігер Салауатты қарсы алайық. (Қолында дәрігерлік қобдишасы бар дәрігер киімін киген дәрігер Салауат кіреді).

Дәрігер Салауат:

- Сәлеметсіңдер ме балалар, ата-аналар! Бүгін сендер қандай көңілдісіңдер, әдемісіңдер. Менің сендерге сауалдарым бар. Қалай ойлайсыңдар балалар, адамның көңілді болуы неге байланысты ?

Балалар:

- Денсаулыққа.

Дәрігер Салауат:

-  Дені сау адамның көңілі орнықты, тәбеті жақсы болады. Денсаулықтан артық бақыт жоқ. Денсаулықты күтіп, аурудың алдын алуға табиғаттың, қоршаған ортаның қандай ықпалы бар ?

Ата -ана:

- Күннің , таза ауаның , судың маңызы өте зор.

Тәрбиеші:

- Енді балалар денсаулық туралы тақпақтарымызды айтып берейік.

1 бала: Ертемен күнде сен,           

2 бала: Енді айнаға қара да

            Қолыңды сүйкесең,                         

Шашыңды тарап ал!

            Кетіп кір, ласың,                              

Анаңа, әкеңе, жанұяңа, қарап күлімсіре.

           Тап-таза боласың.                          

Ал күлкі ше?

Ол әрине, қайырымдылық пен қуаныштың белгісі.

Тәрбиеші:

- Өте жақсы. Енді балалар бізді қызықты ойын күтіп тұр

Ойын «Біздің денсаулығымызға не керек ?» - деп аталады.

Шарты: 

Үстелдің үстіне тазалыққа, денсаулыққа қажетті әртүрлі заттар және ойыншықтар, оқу құралдары қойылады. Балалар сол заттардың арасынан тек тазалыққа және денсаулыққа қажетті заттарды таңдап алулары керек.

Тәрбиеші:

- Жақсы балалар, рахмет сендерге, ойынды жақсы ойнадыңдар. Ал енді, барлықтарыңызды «Денсаулық шеңберіне» шақырамыз .

Аутотренинг. (Үнтаспадан жағымды әуен естіледі). 

Кәнекей бәріміз еденге жатамыз, көзімізді жұмамыз. Гүлдің хош иісін иіскеп дем аламыз. (Балалар көз алдарына елестетеді.) Нәзік әдемі гүлді мұрнымызбен ғана емес, бүкіл денемізбен сезініп иіскеуге тырысайық. Тері қабатымызбен, аяқпен, ішімізбен , ішке қарай дем аламыз, дем шығарамыз.

Тамаша ! Дем алдық. Рахмет бәріңе.

Тәрбиеші :

- Ендігі сөзді дәрігер Салауатқа берейік.

Дәрігер  Салауат:

Қайырымды боп достарыңмен

 Жанұяңды сүйе біл.

Әдемі де, бойшаң және тұлғалы

Алғыр да спортшы боп

Өскенде Отаныңды қорғау үшін

Денсаулыққа көңіл бөліп күте біл !

Сау болыңдар балалар, ата –аналар. Денсаулықтарың мықты болсын !

Тәрбиеші:

- Құрметті ата-аналар, балалар, бүгінгі ойын-сауық кешіне қатысқандарыңа көп рахмет. Жанымыз бен тәніміз таза болсын десек, таза жүріп, кішіпейіл, ақкөңіл, ақ-жарқын болуымыз керек. Сендермен қоштасамын, келесі кездескенше сау саламат болыңыздар!

 

 

 

Мекемеде «Өзін-өзі тану» бағдарламасы бойынша тәжірибелік алаң ашылған уақыттан бастап Жания Қоспанқызы осы тәжірибелік жұмыстың сәтті әрі сапалы іске асырылуына үлкен үлесін қосып келеді. Атап айтатын болсақ, Жания Қоспанқызы «Өзін-өзі тану» бағдарламасы бойынша балаларға және тәрбиешілерге жүргізілетін мониторинг жұмысын жүргізуге белсене араласады және педагогтарды осы сабақты жүргізуге моральдық тұрғыда дайындап, түрлі кеңестер мен тренингтерді өткізумен қатар, ата-аналармен де бірқатар қызықты кездесулер, пікірталастар ұйымдастырады. Бұл жұмыстардың барлығы балалардың, педагогтар мен ата-аналардың көңілінен шығып, жүрігінен орын табуда.

 

 

Көңілсіздікті жоюдың жолдары

Адам көңілі сондай ғажап, құпия. Адамдар мінездерінің әртүрлі болуына байланысты, олар өз ішкі дүниелерінде болып жатқан жан төнкерістерін сыртқы ортаға түрліше шығарады. Мысал үшін: ашық адамдар бұрқ етіп бар ойлағандарын бірден айтып қалса, керісінше тұйық адамдар қиналыстарын сыртқа шығара алмай іштей күйзеліске түседі. Ал мұндай жағдай адамның физиологиялық, психологиялық саулығына зиян тигізеді. Сонымен қатар оның жұмысына да кері әсерлерін тигізеді. Төменде көңілсіздікті жоюдың бірнеше әдістері көрсетілген, мұқият назар аударыңыздар:

  1. Ай сайын жаңа кітап немесе жаңа жунал оқу, оқығандарды ойға тоқу;
  2. Бөлме ішін өнер туындыларымен безендіру;
  3. Әр күн сайын дәмді, әртүрлі тағамдар дайындау;
  4. Киетін киімдерге талғаммен қарау, өйткені кішкен ғана сәнді киімнің өзі де керемет әсер беруі мүмкін;
  5. Өз икемің бар өнер түрімен арнайы шұғылдану;
  6. Әрбір демалыс күнін қызықты етіп өткізу, оны арнайыжоспарлау;
  7. Әр айдың бір күнін тек өзіңе арнау;
  8. Достарыңмен, туысқандарыңмен арнайы кездесулер ұйымдастыру.

Болмашы келеңсіздіктерді жүрекке жақын алып, уайымға батудың ешбір керегі жоқ. Мұндай оқиғалар тек сол сәтте ғана шешімі жоқ, ұзаққа созылып, мүлдем аяқталмайтындай болып көрінеді. Ал шын мәнінде бар қиыншылықты жеңуге немесе жеңілдетуге болады. Ал барынша қиналған бір күніңіз, сіздің денсаулығыңызда мәңгі белгі қалдыруы мүмкін.

Үнемі көтеріңкі көңіл-күйде жүретін адамдар қартаймайды. Мұндай адамдарға өзге адамдар көп тартылады, соның арқасында ол басына түскен қиыншылықтарды тез жеңеді. Ал үнемі көңілсіз жүруге бейім адамдар өзгелерді мезі етеді. Мұндай адамның қасында тез шаршап кетесін. Сол себептен, достарым көп болсын десеңіз жоғарыдағы ережелерді сақтай отырып, көңіліңізді көтеруге тырысыңыз. Көңілмен жасалған іс әрқашан сәттілікпен аяқталады. Қандай істе болмасын жұмысыңыз оңға басып, жақсылық алдыңыздан шығады.

 

Сабақтың тақырыбы: «Мен бақытты баламын»

Сабақтың мақсаты: «Бақыт», «қуаныш», «сүйіспеншілік» сөздерінің мағынасын түсіндіру.

Сабақтың міндеттері:

  • «бақыт», «қуаныш», «сүйіспеншілік» туралы түсінік беру;
  • адами қасиеттерін дамыту;
  • сүйіспеншілікке тәрбиелеу.

Көрнекі құралдар: ватман, ақ парақтар, қарындаштар, теледидар, үнтаспа, жүрекшелер, шарлар, қима суреттер т.с.с.

Шаттық шеңбері

Тәрбиеші балаларды төмендегі өлең жолдарымен шеңберге тұрғызады.

Кел, балалар күлейік!

Күлкіменен түлейік!

Қабақ түйген не керек?

Көңілді боп жүрейік!

Тәрбиеші:

- Балалар біз барлығымыз шеңберге тұрдық, біздің шеңберіміз қандай тамаша! Бізді достық пен сүйіспеншілікке шақыратындай.

Армысың досым,

Кел, маған қосыл (қолымен шақырады).

Алақанға салып алақан,

Шеңберге бірге тұрайық (қолдарынан ұстайды).

Жер шарындай айналып,

Әлемге жарық ұқсайық (айналады).

Қолымызды көтеріп,

Күннің нұрын алайық (қолдарын көкке созады).

Ортамызда күн нұры,

Құшаққа оны алайық (құшақтасады).

Балалар, барлығымыз жайғасып отырайық. Бүгін мен сиқыршымын. Қазір біз сендер ғажайып әлемге саяхатқа барамыз. Мен сиқырлы таяқшаммен белгі берген кезде, біздің сапарымыз басталады. Бір, екі, үш (жағымды әуен жүреді де махаббат періштесінің дауысы үнтаспадан естіледі).

Махаббат періштесі:

 - Армысыңдар балалар! Қош келіпсіңдер менің әлеміме! Сендер әр қайсың ерекше баласыңдар. Ерекшеліктерің сондай, қолдарыңнан барлығы келеді. Осы мүмкіндіктеріңді тек жақсылық жасау үшін ғана қолданыңдар. Жақсылықты көріп және жақсылықты жасап бақытты, бақытты болыңдар!

Тәрбиеші:

- Балалар, менің белгіммен біз өз елімізге ораламыз. Бір, екі, үш. Біз оралдық. Саяхат сендерге ұнады ма? Махаббат періштесі сендерге не деп айтты?

Балалар:

- Сендер ерекше баласыңдар

- Сендердің қолдарыңнан бәрі келеді

- Жақсылық жасаңдар

- Бақытты болыңдар

Тәрбиеші:

- Өте тамаша! Сендер жақсылық жасау білесіңдер ме? Қандай жақсылықтар жасап көрдіңдер?

Балалар:

- Мен анама үй жинауға көмектестім

- Мен әжеме қаз бағуға көмектесем

- Мен әкем жұмысағанда барамын

- Мен кішкентай қарындасымды бағамын

-Мен досыма ойыншығымды сыйладым т.с.с.

Тәрбиеші:

- Жақсы, сендер жақсылық жасауды біледі екенсіңдер. Ал бақыт, бақытты болу дегенді қалай түсінесіңдер? Бақытты болған сәттерің естеріңде ме?

Балалар:

- Бақытты болу дегеніміз – ол қуану

- Бақытты болу дегеніміз – арманыңның орындалуы

- Бақыт дегеніміз – бейбітшілік

- Бақытты болу дегеніміз - әке-шешең қасындағы болғаны

- Бақыт дегеніміз достарың көп болғаны т.с.с.

Тәрбиеші:

-Рахмет балалар, енді мен сендерді үстел басына шақырамын.

Шығармашылық жұмыс

Тәрбиеші:

- Балалар қазір біз сендермен «Бақытты мекен» жұмысын орындаймыз. Сендер өздеріңді бақытты сезіну үшін қастарыңда кімдер және нелер болғанын қалайсыңдар, сол суреттерді мына алдарыңдағы қима суреттердің ішінен таңдап алып, қағазға жапсырыңдар (дайын жұмыс тақтаға ілінеді).

Әңгімелеу

Тәрбиеші:

- Ал балалар, мен сендердің назарларыңды теледидарға аударғым келеді. Бүгін біз сендермен Жамал апайдың әңгімесін тыңдаймыз. Ал әңгіме қалай аталатынын ол сендерге өзі айтады (теледидар қосылып, әңгіме тыңдалады). Әңгімені аяқтай келе Жамал апай балаларға мынандай сұрақ қояды:

- Ал, балалар, сендерге қояр сауалым бар. Сендер өз есімдерің қандай мағына беретінін білесіңдер ме ?

Тәрбиеші:

- Кәне, балалар кімнің жауабы дайын?

Балалар:

- Менің есімім Жанар. Жанар деген- көз деген мағынаны білдіреді.

- Менің есімім Абылай. Абылай сияқты мықты болсын деп, атам қойды.

- Менің есімім Дильназ, Дильназ сияқты әнші болсын деп тәтем қойды.

- Менің есімім Арай, күн сияқты жарық болсын деп анам қойды. т.с.с.

(тәрбиеші өз есімін айтып түсіндіріп кетуіне болады)

Тәрбиеші:

- Тамаша балалар! Енді мен сендерді ортаға шақырамын.

Ойын

Тәрбиеші:

- Қазір біз сендер сондай бір қызықты ойын ойнаймыз. Ойын «Сенемін-сенбеймін» деп аталады. Мен сендерге бір оқиға айтам, егер сендер сенсеңдер, «сенеміз» деп қол шапалақтайсыңдар, сенбесеңдер, «сенбейміз» деп аяқтарыңмен топылдатасыңдар.

- Далада гүлдер көп

- Піл аспанда ұшыр жүр

- Атам ұршық иірді

- Мен балабақшаға бардым

- Менің достарым көп

- Балық орманда жүр

- Мен бақытты баламын т.с.с.

Тәрбиеші:

- Жақсы, енді бәріміз орындарымызға отырамыз. Сендердің алдарыңда ақ парақтар жатыр. Мен сендерге екі минут уақыт берем, осы уақыт ішінде сендер бақытты бала портретін саласыңдар (әр бала өз суретін салады). Барлық балалар суреттерін салып болғаннан кейін «Бақытты бейнелер» көрмесі ұйымдастырылады.

Әңгімелесу

Тәрбиеші:

- Балалар, қазір біз сендермен үнтаспадан сендердің ең жақсы көретін адамдарың, жақындарың, сендерге қандай тілектер тілейтіндерін тыңдаймыз (үнтаспадан балалардың ата-аналарының тілектері тыңдалады).

Балалар сендерге айтылған тілектер ұнады ма? Балалардың жауаптары тыңдалады.

Қорытынды

- Балалар бүгін біз сендермен не жайлы әңгімелестік? Сабақ сендерге ұнады ма? Балалардың жауаптары тыңдалады.Мен сендерді ортаға «Жүректен жүрекке» шеңберіне шақырамын.

«Жүректен жүрекке» шеңбері

 Тәрбиеші:

- Мен сендерге мына кішкентай жүрекшелерді сыйлағым келіп тұр. Сендер жаңа өздеріңнің жақындарыңның жақсы тілектерін тыңдадыңдар. Ал енді, сендер өз жақындарыңа, достарыңа ақ тілектеріңді айтып, жүрекшелерді мына сиқырлы сандықшаға салыңдар.

Балалар:

- Менің ата-анам әр қашан бақытты болсын

- Менің достарым көп болсын

- Достарым ауырмасын

- Ата мен әжем ұзақ өмір сүрсін т.с.с.

Тәрбиеші:

- Өте жақсы тілектер айтылды. Осы тілектер орындалу үшін, сиқырлы сөздерімізді айтайық.

Сандығым менің ашылар,

Куаныш ішінен шашылар.

Тілегіміз біздердің,

Бар әлемге таралар.

(сандықтың ішінен гельді шарлар ұшып шығады)

Тәрбиеші:

- Міне балалар, мына ғажайып шарлар біздің тілектерімізді аспанға алып ұшты. Осымен сабағымыз аяқталды. Бәріңе рахмет!

 

Республика күніне арналған ертеңгілік. (мектепалды даярлық тобы.)

 

Тақырыбы: «Қазақстан – достық мекені»

Мақсаты: балалардың бойында өз Отандарына деген, туған жерлеріне деген сүйіспеншілікті, қамқорлықты тәрбиелеу, достық пен өзара сыйластық сезімдерін дамыту.

Тәрбиеші:

-Армысыздар құрметті қонақтар, ата-аналар. Сіздерді Республика Күні мерекесімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер.

Байлығы қазағымның кең даласы,

Ырыстың ұясындай сай  саласы.

Туған жер қасиетіңнен айналайын,

Таусылмас ұрпағымның қазынасы. (Сөзін жазған Н.Назарбаев).

Құрметті қонақтар «Қазақстан – достық мекені» атты Республика Күніне арналған ертеңгілігімізді бастауға рұқсат етіңіздер!

 

Әнұран тыңдалады.

Балалар әсем әуен ырғағымен жаттығулар жасайды.

1 бала:

Халықтың енді міне жетілгені,                          

Қазақстан – жеңісті дана күндер,

Құрыштың білінбейді кетілгені.                        

Қазақстан - толқынды лала гүлдер.

Аталып, Қазақстан ел боп туып,                        

Қазақстан - әлемді елеңдетіп,

Үй тігіп, ірге қалап бекілгені.

Байқоңырдан зулаған корабльдер.

Тәрбиеші:

-Өте тамаша! Енді балалардың орындауларында әнге кезек берейік.

 

Ән «Елтаңбасы елімнің»

Елтаңбасы елімнің                            

Құт, береке -  шаңырақ,

Неткен әйбәт, әдемі.                         

Орын алған ол төрден.

Тұнығындай көңілдің                       

Қанатты қос арғымақ

Ортада – аспан әлемі.                        

Екі жақтан көмкерген.

                              Тәуелсіздік жолында,

                              Талай-талай тер тамған.

                              Билігім өз қолымда,

                              Еркіндігім –елтаңбам.

Тәрбиеші:

  • Елтаңба жайлы ән көңілдеріңізден орын алды деген ойдамыз. Келесі кезекті балалардың тақпақтарына берейік.

2 бала:

Көк аспандай көкпеңбек,                     

Көк емес ол тектен-тек,

Қазақстан жалауы.                               

 Елдің ашық қабағы.

3  бала:

Аялап ару ананы,                                           

Толтырған гүлге даланы,

Өсірген еркін баланы,                                    

Жайнатқан ауыл, қаланы,

Бесігім болып тербеткен,                             

Ардақты атамекенім –

Отаным – Қазақстаным!                                

Отаным – Қазақстаным!

4 бала:

Аспанымдай мөлдірмін,                                

Қуат алған өзіңнен,

Жайлауымдай жазықпын.                             

Туған елдің ұлымын.

Өзенімдей өршілмін,                                       

Бақытты етіп өсірген,

Гүлдерімдей нәзікпін.                                    

Отанымның гүлімін.

Тәрбиеші:

- Қандай жерге бармасаң да, қандай керемет ғажайыптарды көрмесең де Отан барлық ғажайыптардың ғажайыбы болып жүректерімізде мәңгі тұрады. Отанға деген балалық ыстық көңілдері ретінде ұл-қыздарыңыздың орындауында Отан жайлы әнді қабыл алыңыздар.

 

Ән «Отаным»

Сөзі: А. Қалманбетова

Әні: К. Қуатбаев

Отаным – тірегім,                            Отаным – күндерім,

Отаным – жүрегім.                          Отаным – үндерім.

Отаным – жігерім,                           Отаным – гүлдерім,

Отаным – білерім.                           Кеудемде жүр менің.

Тәрбиеші:

-Әсем әннің әуені жүректеріңізді тербесе, сіздерді «Қыз қуу» ойынын тамашалауға шақырамыз.

Ойынның шарты:

Балалар шеңбер бойымен отырады. Ортада екі ойыншық ат және қол орамал жатады. Ойын бастаушы қыз бала бір атты алып, орамалды қолына ұстап шеңберді айналады. Өзінің қалаған ер баласын таңдап алады. Ер бала ортадағы атты алып қызды қууы керек. Егер қуып жете алмаса, қыз бала оны орамалымен соғады. Ал қуып жеткен жағдайда, қыз бала өз орамалын сыйға тартады.

Тәрбиеші:

  • Міне сіздер ойынды тамашалап, балалардың шапшаңдықтарының куәгерлері болдыңыздар, енді біздің балалар өз Отандарына деген сүйіспеншіліктерін, махаббаттарын мақал-мәтелдер арқылы жеткізбекші.

 

5 бала:                                                   

Отан – оттан да ыстық.                      

6 бала:

Өзге елде сұлтан болғанша,

Өз еліңде ұлтан бол.

7 бала:                                                   

Бірлігі жоқ ел тозады,                     

8 бала:

Татулық - табылмас бақыт.

Бірлігі күшті ел озады.

Тәрбиеші:

  • Өте тамаша балалар! Сендер Отанға деген ыстық сезімдеріңді мақалдар арқылы жеткіздіңдер, ал Отан дегеніміз не балалар?

Балалар:

  • Отан біз тұратын жер.
  • Отан біздің туған жер.
  • Біздің Отанымыз – Қазақстан.

Тәрбиеші:

  • Келесі кезекте балалар ертеңгілігімізді өз тақпақтарымен жалғастырады.

9 бала:

Отанды біз атамекен                                   

Отанды жас, кәріміз де,

Деп аялап атаймыз,                                     

Туған жер деп сүйеміз.

Өйткені оны мекен еткен,                           

Өйткені онда бәріміз де,

Бабамыз бен атамыз.                                   

Туып, өмір сүреміз.

10 бала:

Шырқап көкке аспан ән,                            

Қазақ рухын биіктет,

Болашаққа бас қадам.                                

Ей, бас қалам – Астанам!

Тәрбиеші:

  • Міне, тамаша! Шынымен бүгінгі күні сәулетті, аспанмен таласқан әсем ғимараттармен бой түзеген астанамыз барша қазақстандықтарды қуанышқа бөлеуде. Біздің еліміз түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдерін бауырына басып, татулық пен достық  мекені болып отырғанын білеміз. Ол ұлттардың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін сыйлау біздің адамгершілігіміздің белгісі. Олай болса, балалардың орындауында «Украин хороводын» қабыл алыңыздар.

Тәрбиеші:

  • Біздің балалар тамылжытып ән салып қана қоймайды, сонымен қатар биді тамаша билейді. Енді сіздердің назарларыңызға «Шарбақ» беларус ойын-биін ұсынамыз.

Тәрбиеші:

  • Құрметті қонақтар кезекті тақпақтарға берелік.

11 бала :

О, алақай туған жер!                                

Көзге ыстық көрінер,

Жақсы-ау, бақша-бауларың!                    

Сенің асқар тауларың.

12 бала:

Отан – осы достарым,                               

«Отан» деп өс жас қауым,

Көңілге мұны түйе біл.                            

 Оны ардақтап сүйе біл.

13 бала:

Отан – жерім, Отан – суым,                     

Отан – ұран, Отан – туым,

Отан қуат, нәр береді.                               

Отан мәңгі гүлденеді.

Тәрбиеші :

- Құрметті ата-аналар, бүгінгі Республика Күніне арналған ертеңгілігіміз аяқталып қалды. Ертеңгілік соңында балалармен бірге «Достық» әнін орындауға шақырамыз.

Сөзі:Е. Елубаев,

Әні: И. Нүсіпбаев

Ортақ мекен жер шары,                               

Ортақ бізге бір Отан,

Төбемізде бір аспан.                                   

Ортақ жердің байлығы.

Барлық ұлттың баласы,                               

Еңбек ортақ, жер ортақ,

Достығымыз жарасқан.                                

Ортақ бізге барлығы.

 

 

Туыспыз біз бәріміз,                              

Бақытты елде туған соң,

Бір Отанды сүйеміз.                               

Бақытты өмір сүреміз.

(Ән орындалып, ертеңгілік аяқталады.)

 

Ашық сабақ: «Ғажайып сыйлықтар» Өзін-өзі тану” бағдарламасы бойынша мектепке даярлық тобына сабақ жоспары.

Тәрбиеші: Бектамаева Г.К.

Сабақ мақсаты:

Адам бойындағықұнды қасиеттер туралы түсініктерін кеңейту, балалардың пайда болған ізгі ой, ниеттерін жүйелеу, жылы сезім білдірудің маңызды екенің баланың санасына сіңдіру, адамдарды қуанта білу дағдыларын қалыптастыру.

Методикалық әдістер: сұхбат, әңгіме, ойын, жаттығулар

Құрал-жабдықтар:

Сандықша, түрлі-түсті боялған асықтар, ұжымдық жұмысқа арналған жапсыру құралдары (табиғат көрінісі), аудиожазбалар, доп, жұмсақ ойыншық жүрек, қағаздан қиылған жүрекшелер.

Сабақтың барысы:

Шаттық шеңбері:

Балалар бөлмеге әуеннің ырғағымен кіре бастайды, Ольга Полякованың “Осенние дорожки” вальс ырғағымен би орындайды.

Балалар шеңбер жасап тұра қалады.

                                Армысың, шапағатты Күн ана!

                                Армысың, қайырымды Аспан ана!

                                Армысың мейірімді – Жер ана!

                                Құт дарып, бар әлемді жарылқа!

Тәрбиеші: - Балалар, бізді ғажайып сыйлық күтіп тұр. Балалар, қараңдаршы, сандықша түрлі-түсті асықтарға толы.

Алтын сандық ашылды

Балалар тәрбиешімен бірге сандықшаны ашып қарайды.

Балалар түрлі-түсті асықтарды тамашалайды.

Әңгімелесейік: Тәрбиеші: - Шынымен, бұл өте ерекше сандықша екен. Оның ішінде жатқан асықтарға қараңдаршы.

Балалар, мына ғажайып асықтардың сырын ашып көрейікші! Қараңдаршы, асықтардың пішіндері , түр-түсі әр-алуан. Бұл біз үшін Махаббат жайлы әңгімелейтін құлпырған түспен өрнек әлемі. Махаббат әр түрлі болады: өзіңе, отбасына, досына, табиғатқа, Отанға, т.б. Ол әр адамның жүрегінде өмір сүреді.

- Балалар, қарандаршы қызыл асықтар –  достық пен бірліктің алауын төгіп тұр. Бұл достықтың белгісі, ол досқа деген махаббатын білдіреді.Ал, сендер,балалар, достық туралы не білесіндер? Сендердің достарың бар ма? Оларды жақсы көресіңдер ме?

Балалардың жауаптары.

- Достар қандай болу керек?

Балалардың жауабы.

- Дос туралы мақал-мәтелдер білесіңдер?

Балалардың жауаптары.

- Балалар, достығымызға деген махабббатымызды білдіріп “Достық” әнін орыдайықшы. (өленің жазған Е. Елубаев, музыкасы И.Нүсіпбаев)

Балалар шеңбер жасап, әнді орындайды.

- Балалар, біз біріміздің қолымыздан  ұстағанда нені сезінеміз?

Балалардың жауаптары.

Тәрбиеші: - Келесі түс, балалар, бір-біріне ұқсайтын қызыл-сары және сары түстер. Қызыл-сары түс – отбасына деген махаббатты білдіреді. Отбасы мүшелері бір-бірін жақсы көреді. Оны жақсы жылы сөздермен, әрекеттермен білдіреді. Сендердің отбасыларыңда қандай жақс сөздер айтылады?

Ойнайық:Ойын «Анаң сені қалай еркелетеді?»

Балалардың жауаптары.

Тәрбиеші: - Келесі түс, балалар, жасыл түс – табиғатқа деген махаббатын білдіреді. Мен сендерге табиғат әлеміне қатысты жұмбақтар шешуді ұсынамын. Жауаптарын тауып алыңдар!

Бар ма, жоқ па оны анык білмейсің,

Ол жоқ жерде өмір сүріп жүрмейсің.

                                               (ауа)

«Қызыл қырман» ойнайтын

Қай мезгіл деп ойлайсың?

                                                   (күз)

Екі тері, екеуі де кең тері.

                                                  (аспан, жер)

Аспанға ұшар бу болып,

Жерге қайтар су болып

                                                          (бұлт)

Өсіп тұрған бұл не?

Жаз болса жайнап,

Саясында ән салып

Құстар жүрген сайрап.

                                                             (ағаш)

Ұжымдық жұмыс: Гүлденген ағаш.( “Күй” Н.Тлендиев)

Тәрбиеші: - Келесі түс, балалар, көгілдір түс – Отанға деген махаббатты білдіреді. Біз бәріміз Отанымызды сүйеміз, мақтан етеміз. Ал, сендердің ойларынша “Отан” сөзі нені білдіреді?

Балалардың жауабы.

Бой сергіту жаттығуы

Бейбітшілік барлық жерде

Мына менде және сенде

Бейбітшілік адамдпрда

Біздің әсем ғаламшаларда

Үлкен-кіші бәріне

Тыныштық керек әрине

Қорытындылайық:

Келесі түс, балалар, күлгін түсі – ол өзіңе деген махаббатты білдіреді. Біз бір-бірімізге шын жүрегімізбен жақсы тілектерімізді арнайықшы

Жүректен жүрекке” шеңбері

Біздің топта ұл-қыздар

Тату-тәтті ойнаймыз

Әлемдегі бар адамға

Тек жақсылық ойлаймыз

Тәрбиеші: Біз бүгін махаббат туралы өзімізді қоршағанның бәріне де махаббат сыйлаудың қаншалықты маңызды екенің айттық. Әйгілі қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев былай деген: “Кім де кім өзін сүйсе, туысқандарын сүйсе, өз елін сүйсе, әсіресе адам баласын бауырым деп білсе, сол адамды ізгі атаймыз” Барлығымыз да ізгі ниетті адам болуға талпынайық.

Балалар жүрекше тәрізді ашық хаттарды қонақтарға сыйлайды.

«Мы желаем счастья вам» әнімен бөлмеден шығып кетеді.

Сабақта пайдаланылған аудиожазбалар тізімі:

  1. «Достық» әні. Өленің жазған Е. Елубаев, музыкасы И.Нүсіпбаев
  2. «Күй» Н.Тлендиев
  3.  Вальс «Осенние дорожки» музыкасы О. Полякованың
  4. «Вальс» музыкасы Е. Железновтікі
  5. «Сказочная» музыкасы С. Железновтікі
  6. «Мы желаем счастья вам» әні

 

«Дос болайық бәріміз». «Өзін-өзі тану» бағдарламасы бойынша ересектер тобына арналған сабақ жоспары.

Тәрбиеші: Қадырсизова Ұ.Б

Сабақ мақсаты:

Балаларға достық туралы түсінік беру, өзара сыйластық ынтымақтастық, сүйіспеншілік туралы түсінік беру, достаса білуге тәрбиелеу.

Методикалық әдістер: түсіндіру, сұхбат, әңгіме, ойын жаттығулар, сұрақ-жауап.

Құрал-жабдықтар: табиғат үндері сериясынан музыкалық аудиожазбалар, жұмсақ үлкен ойыншықтар, альбом,плакаттар, түрлі-түсті пішіндер, ауа шары, қағаздан қиылған жүрекшелер,

Сабақтың барысы:

Шаттық шеңбері:

Қайырлы таң, қымбатты менің достарым! Мен сендермен кездескеніме өте қуаныштымын. Бір-бірімізді көргенімізге, осы күнге қуанайық.

Армысың, Алтын Күн!

Армысың, Көк Аспан!

Амансың ба, достарым?

Сендерді көрсем қуанам.

Тәрбиеші: - Жарайсындар, достарым! Бәріміздің бірге екенімізді сезіну қандай тамаша! Ал, олай болса бәріміз жайғасып отырайық.

Балалар өмірде бір-бірімізбен, кел дос болайық деп дос бола салмайды. Достық бір-бірімізге адал көңілімізбен жақсы әдепті қылықтарымызбен өзара сыйластық пен татулықтан, көмекпен бірте-бірте қалыптасады. Бұл достықтың белгілері екен.

Әңгімелеу: Тәрбиеші: - Балалар, мен сендерге достық туралы «Құмырсқа мен қоңыз» деген халық ертегісін әңгімелеп берейін.

- Құмырсқа мен қоңыз шынайы достар деп ойлайсың ба?

- Нағыз дос деген кім?

Балалардың жауаптары.

Бой сергіту сәті.

Біз кішкентай баламыз,

Өсіп өніп толамыз.

Күнге қарай табынып,

Көкке қолды созамыз.

Қанатымызды қағамыз,

Қарлығаштай самғаймыз,

Бір отырып, бір тұрып

Жаттығуды жасаймыз.

Тәрбиеші: - Балалар, достық туралы мақал-мәтелдерді білесіңдер ме?

Балалардың жауаптары.

- Балалар, достық туралы біз тақпақтар жаттап едік. Естеріңе түсіріңдерші.

1 бала: Біз балдырған баламыз,

Дос құшағын кең ашқан.

Тілегіміз бейбіт күн

Ашық болсын кең аспан

2 бала: Ортақ жұпар ауамыз

Ортақ  жарық күніміз

Достық туған анамыз

Жердің ұлы қызымыз.

Тәрбиеші: - Ал, ендеше осы достығымыз берік болсын десек, достығымыз белгісін білдірейік.

Ұжымдық жұмыс.

Балалар 2 топқа бөлінеді. Түрлі-түсті пішіндерден бейне жасайды.

1 топ «Достық гүлі»

2 топ «Достық үйі»

Тәрбиеші: - Міне, балалар, біз достыққа шақыру ниетімізді білдірдік қолтаңбамызды қалдырып достыққа шақырдық.

«Ағайынбыз бәріміз» әні сөзі М.Әубәкировтікі, музыкасы Ә. Дүйсенбиевтікі.

Шығармашылық тапсырма

“Өзін-өзі тану” дәптері бойынша үйге тапсырма

Қорытыңдылайық:

-Балалар, досымыздың көп болғаны қандай жақсы. Өткені қиын қыстау кезде достар бізге қол ұшын береді, көмектеседі. Мен досыма сенемін, жыласаң-жұбатады, қуансаң- сенімен бірге қуанады. Біз бәріміз ақ та, кара да, сары да болып достық әлемінде өмір сүреміз. Балалар, барлық әлем балаларын достыққа шақырайық. Өз достық тілектерімізді, лебіздерімізді шын жүректен білдіріп, әлем шарын аулаға шығып ұшырайық.

“Жүректен жүрекке” шеңбері.

Балалар, мен сендерді үлкен шеңберге шақырамын. Қараңдаршы, достарымыз жиналып, үлкен шеңбер құрдық.

Отбасымыз аман болсын

Деніміз сау болсын

Ата-ананы тыңдайық

Айтқанынан шықпайық

Ал достарды қолдайық

Қиын шақтан қорғайық.

Сабақта пайдаланылған аудиожазбалар тізімі:

«Ағайынбыз бәріміз» әні. Сөзі М.Әубәкировтікі, музыкасы Ә. Дүйсенбиевтікі.

«Как прекрасен мир вокруг» композициясы – «Волшебство природы» жинағы

«Сказочная» музыкасы С. Железновтікі «Вместе весело шагать» әні

 

 

 

 

Просмотров: 1251


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст